Еліміз Газаға гуманитарлық көмекті Иорданиядан жіберді. Бұл – Қазақстанның Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (АҚИҰ) шеңберіндегі алғашқы демеушілігі.
Гүлнар ЖОЛЖАН
АҚИҰ-ның баспасөз қызметі хабарлағандай, Иорданиядан Газаға гуманитарлық көмек жөнелту жұмысын Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының бас директоры, елші Берік Арын, Қазақстанның Иорданиядағы елшісі Талғат Шалданбай қадағалаған. Әз-Зарқа аймағының Ғабауи қаласындағы Иордания Хашимит қайырымдылық ұйымының (ИХҚҰ) қоймасынан Газаға 12 жүк көлігіне тиелген 200 тонна бірінші сұрыпты бидай ұны жөнелтілді.
2023 жылдың қазан айынан бастап жүргізілген шабуылдар Газа секторында үйлер мен ауруханаларды қиратып, миллиондаған адамды баспанасыз қалдырды. Осыған байланысты 2023 жылдың 11 қарашасында Біріккен Араб Әмірлігінде өткен Ислам саммитінде азық-түлік тапшылығына жол бермеу мақсатында шұғыл көмек көрсету туралы үндеу жасалды. АҚИҰ арнайы Жарғы бекітіп, бұл дағдарысқа Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) өтінішімен гуманитарлық бағдарламаларға қатысуға ниет білдірді.
Бұған қоса жыл басында АҚИҰ Газадағы аштық қаупімен күресуге шұғыл үндеу жариялап, «Адамзатқа ұн» бағдарламасын іске қосты. Газа секторына 1000 тонна бидай ұнын жеткізуді көздейтін бұл бастама БҰҰ Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігінің (UNRWA) үндеуіне қолдау көрсетті. Қазақстан, Тәжікстан, Бангладеш, Әзербайжан секілді ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жомарттығымен, сондай-ақ Иордания Хашимит қайырымдылық ұйымының серіктестігімен жүзеге асырылған бағдарламаның бірінші кезеңінде 200 тонна жүк жіберілді.
Гуманитарлық көмек көрсету іс-шарасында Иордания Хашимит қайырымдылық ұйымының өкілдері Иордания арқылы тұрақты гуманитарлық қолдау көрсету бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы баяндады. Айта кету керек, бұған дейін бейбіт келісім орнамаған уақытта, Израиль билігінің қойған шектеулері Газаға жүк тасымалдауды айтарлықтай қиындатты. ИХҚҰ азық-түлік қана емес, сонымен қатар медициналық көмек көрсетіп, қақтығыс кезінде әлеуметтік осал топтағы адамдарды баспанамен де қамтиды. Ұйымның бас директоры Берік Арын мен елші Талғат Шалданбай ұйымның қоймаларымен танысып, Газаға бет алған көліктерге жүк тиеу үдерісін бақылады. Аталған көліктер екі күннің ішінде Керем Шалом/Карам Абу Салем шекара өткеліне жетеді деп жоспарланып отыр. Ол жерде БҰҰ Дүниежүзілік Азық-түлік бағдарламасының (World Food Programme, WFP) және БҰҰ-ның басқа агенттіктерінің өкілдері жүкті қабылдап, қажетті жерге жеткізеді.
Бұл рәсім 46 мыңнан аса адамның өмірін қиған 465 күнге созылған қақтығыстан кейін Газада уақытша атысты тоқтату келісімімен тұспа-тұс келді. Қазір Газада шамамен 1,84 миллион адамға азық-түлік жетіспейді. Олардың 133 мыңға жуығы аштықтың алдында тұр. Азық-түлік қауіпсіздігі кезеңдерінің кешенді тізбесіне (IPC) сәйкес, өткен жылдың қыркүйегінде халықтың шамамен 96 пайызы, яғни 2,15 миллионнан аса адам азық-түлікке зәру болған.
Бас директор Берік Арын БҰҰ серіктестеріне, ИХҚҰ-ға және қайырымдылық жасаған мүше мемлекеттерге шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ АҚИҰ-ның бейтараптылық, қайырымдылық, адамгершілік қағидаттарын ұстанатынын атап өтіп, ұйым әрдайым осындай көмек легін жалғастыратынын айтты.
Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату туралы келісімді құптайтынын мәлімдеді.
«Біз Қатар, Мысыр және АҚШ-тың делдалдық әрекеттерін жоғары бағалаймыз. Бұл – зорлық-зомбылықты тоқтатуға, кепілге алынғандарды босатуға, қазіргі жағдайда өте қажет Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуді күшейтуге мүмкіндік беретін маңызды қадам. Қазақстан әрқашан бейбітшілік пен тұрақтылықты жақтайды және біз бұл уағдаластықтар жанжалды ұзақ мерзімді реттеуге одан әрі қадамдар жасауға негіз болады деп үміттенеміз», деді А.Смадияров.
Ол сондай-ақ Қазақстан Халықаралық құқық қағидаттарымен «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде Палестина-Израиль қақтығысын тоқтатып, келісімге келу шешімін үнемі қолдайтынын атап өтті.
«Палестиналықтар да, израильдіктер де – бейбітшілік пен қауіпсіздікте өмір сүре алатын екі тәуелсіз мемлекет. Біз әділ және ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған халықаралық күш-жігерді қолдауға дайынбыз», деді СІМ өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, Газадағы бітімгершілік 19 қаңтарда күшіне енді. Израиль сол күні кепілге алынған адамдардың тізімін алғанын айтып, босатылатын растады.